ФЛЕБИТ (грек. phleps; phlebos — көк тамыр) — адам организміндегі көк тамырдың (венаның) қабынуы. Флебит негізінен инфекцияның аяқтың көк тамыр қабырғаларын зақымдауынан болады. Инфекция ошағы әр түрлі жаралар, бітеу жара, флегмона болуы мүмкін. Аурудың қоздырғыштары әр түрлі микроорганизмдер, негізінен стрептококк болып саналады. Флебит қалыпты жағдайда аяқтағы вена қан тамырларының кеңейіп түйінделуінің (қ. Варикоз) немесе вена қан тамырларында тромбоздың (қ. Тромбофлебит) пайда болған жерінде кездеседі. Сонымен қатар вена қан тамыры қабырғасынан Флебит оның айналасындағы тіндерге ауысып, перифлебит ауруын тудыруы мүмкін. Флебиттің жедел және созылмалы түрі бар. Бірінші түрінде аяқ ісініп, көк тамыр үстіндегі тері қабаты қызарып, дене қызуы жоғарылайды. Сол жерді саусақпен басқанда, көк тамырдың түйінделгені байқалады. Ауру асқынып, ірің пайда болып, ұзаққа созылғанда екінші түріне ауысады. Флебит басталғанда аяқты көп қозғалтпай, тыныштық сақтау керек. Емді дәрігер белгілейді, аяққа салқын басып, антибиотиктер, тромб ерітетін дәрі-дәрмектер береді. Егер қабыну ошағында ірің пайда болса, хирург. жолмен сылып тастайды.