Бекежан Айбекұлы (1667, Ақтөбе өңірі, Мұғалжар тауы маңы - 1730) - батыр. Қыз Жібек жырындағы Бекежанның прототипі. Сүрмерген садақшы, қылыштың перісі атанған. Ел арасында оның ерлігін баяндайтын көптеген жырлар сақталған. Алғашқы әйелі - башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиха. Одан туған Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұлы да танымал батырлар. Тайлақ Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасагын бастаса, Байрақ пен Қайрақ - мыңбасы болған. Бекежан батырдың дүниеден озуы жайында екі түрлі дерек бар: бірінде, 45 жасында соғыста алған жарақаттан қайтыс болды десе, екіншісінде түрікмендермен болған соғыста мерт болды делінеді. Бекежан мен оның ұлдарының қабірлері Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Шідерті өзені бойындағы Тайлақ қорымында.