Намазбай ақсақал жұқа қара шапанын желең жамылып, тұмсығы үшкір резинке кебісін сүйретіп, аяғын сылти басып үйден шықты. Аула ішіндегі тәртіпсіздікті көріп, табан арасында бұрқан-талқан болды.
— Жоламан!— деп айқай салды.
— Ата, мен мұндамын,— деген дауыс шықты кеше жақтан.
— О, ойының осылғыр жүгермек, кел мұнда!
Со замат қысық көз, ақсары бала жетіп келді. Ашуға булыққан шал қаһарлана түсті. Қарашығы сөніп бара жатқан шоқтай, бозамықтанған нұрсыз, сөлсіз, қатыгез көздері ақилаңа шығып барады. Селдір сақалы дір-дір етеді.
О, найсап! Қораның ішін кім сыпырады? Бастырманың астым кім тазалайды? Ешкілерің қайда жайылып жүр? Сиырды неге арқандамайсың? Есек неге суарылмаған? Құманда неге жылы су жоқ?
Накеңнің тұңғышы — Еламан майданға кеткен. Міне, екінші жыл — хабар-ошарсыз. Ол туралы жұрт әртүрлі қауесет айтады. Бірі: Сорлыны мектепке оқытпай ұрып соғып, өз шаруасын істетуші еді, қайтсін, басы айналып, милау боп қалған ғой. Есі ауысып, үйінің адресін де ұмытқан болар.
Расында, Намазбай шал өте қатал адам. Оның өмірге көзқарасы да айрықша. Өзім жесем екен, ішсем екен деген қағида бойынша өмір сүреді. Мәңгі бақи өлмейтін адам сияқты қырық жылдық, елу жылдық астық қорын жинайды. Отын-суын дайындайды. Малдың жем-шөбіне дейін әзірлеп қояды. Пақсалап соғылған аласа үйдің тамбасындағы мая-мая пішендер, тау-тау үйінді жоңыршқалар соның айғағы. Осыдан он жыл бұрын мал қораның үстіне жиналған жүгеріпая, қозапая һәм жантақ мүлде көкшілденіп, қарайып шіріп кеткен. Бір жылы қыс қатты болып, көрші-қолаңның малдары, тіпті колхоздың қора-қора қойлары жем-шөпсіз қалғанда да қол ұшын бермеген бұл Намазбай шал. Сондықтан, ауылдастары оны — Саран шал деп атайды. Накеңнің малқорлыққа, дүниеқорлыққа берілгені сонша, жымысқы іс істеп жіберуден де тайынбайды. Делделшілік, алып-сатарлық, саудагерлік — өзінің ежелгі үйреншікті кәсібі. Қыстан әзер шыққан тайынша-тананы арзан бағамен сатып алып, жаз бойы бағып-қағады да, семірген соң күзге салым жұмабазарға қарай айдайды... Сөйтіп, пішендей көкала ақша былғары әмиянға сүңгиді.
Ауылға алғаш трактор келгенде, бір құрдасы:— Наке, Наке сүйінші, колхозға кеңес үкіметі трактор жіберіпті! — деп өз қуанышын білдіргенде, Намазбай шімірікпестен: Е, көк есегім аман болсын, себебі ол өзімдікі,— депті.
Содан бері талай жыл өтсе де Накеңнің өмірге көзқарасы, мінез-құлқы сол қалпында. Көк есегін қыдыңдатып, базар сайын сауда-саттықпен шұғылданады. Ал, жай күндері үй шаруашылығынан қолы босамайды. Көктем шыға жер дегди бастасымен-ақ, Жоламан екеуі кетпенмен огородтық жерді қопара бастайды. Шалқан, қияр, пияз, әңгелек егеді. Оны базарға сатып, қалтаға ақшасын сүф деп ұрады да жерді соқамен қайта жыртып, орнына жүгері немесе қырық күндік қызыл тары себеді. Палау көркі сәбіз емес пе?! Оны да егеді. Жерді осылайша екі рет пайдаланады, біздің Накең!
...Есектерін тыпыңдатып екі шал базардан келе жатты. Әңгімені Қошқарбай бастады:
— Кеше, мен бір керемет түс көрдім, айтайын ба?
— Айт, айт!— деді Намазбай көк есегінің желкесін істік таяқшамен шұқылап, үзеңгісін қайта-қайта қаққылап.
— Дүние әлемтапырық. Аспан күркіреп, шарт-сұрт сынған найзағай. Буырқана соққан дауыл, шелектеп құйған нөсер. Табиғаттың алапат шағы! Бір кез, бұйра-бұйра қара бұлттың арасынан саңқылдаған алып қыран жерге қарай құйылды. Біздің колхоздың кеңсесінің мұржасына кеп қонды. Жүгіріп барсам, саған өтірік, маған шын, әлгі қыран деп жүргенім... Еламан болып шықты... Ия, ия сенің балаң — Еламан! Қуанғаным сонша, айқайлап жіберіппін. Саған не көрінді? — деп кемпірім бүйірімді түртіп қалғанда барып, есімді әрең жидым.
— Ғажайып түс екен! Мұндай түсті Мұхамбет пайғамбардың өзі де көрмеген болар?! Я, алла, көрсеткен күніне шүкір! Мм, солай де...
— Жақсылыққа жорыдым, құдай ақырын берсін, әйтеуір! Әмин!— Қошекең алақанымен бетін сипады. Сосын, қонышынан қызғылт шақшасын алып, тілінің астына бір атым насыбай тастады. Көзінің астымен Намазбайға қарады.
— Наке!
— Ләббай.
— Егер, балаң әскерден есен-сау келе қалса, сүйіншісіне не берер едің? Ала сиырдың бұзауын берер ме едің?
— Өй, не оттап отырсың өзің?— деп Накең ат-тонын ала қашты.— Емізулі бұзауды саған беріп, сондай-ақ мені жынданып кетті деймісің?.. Сабыр етіңіз, бәйеке, алдымен ол бұзау сүттен шықсын. Өссін, құнажын болсын. Сосын, бұзауласын. Әне, сол бұзауды сүйіншіге алуыңа болады... Құр бекер даудырап... Асықпаңыз, Қошеке!..
— О, заманға дейін бармын ба, жоқ па, бір алланың өзі білер,— деді де Қошекең қош айтыспай, есегінің басын кілт он жақ көшеге қарай бұрды.
Апақ-сапақта үйіне жеткен Накен есегінен түсіп, алдымен қой қораға барды. Әрі санады, бері санады — буаз қасқа ешкі жоқ. Қайта-қайта санады — жоқ!
— Жол-ла-ман!
— Әу, ата.
— Қасқа ешкі қайда?
— Білмеймін.
— Неге білмейсің, жер жұтқыр? Tап қазір жаның барында!
Бурадай бұрқаған адуын шал зірк-зірк етіп, шүйкедей баланы көк есектің жүгенімен періп-періп жіберді. Жоламан ойбай салып, қырға қарай жүгірді. Оның шыр-шыр еткен аянышты дауысын қараңғылық әп-сәтте жұтып қойды.
* * *
Таң алагеуімде колхоз қырманынан оралған Забира бәйбіше болған оқиғаны шалынан естіді де, қолындағы сегіз айлық, Қараманды көрпеше үстіне тастай салып, Жоламанның ізін қуды. Аса қатты үрейленген ана жертөлені, ескі қорғандарды аралап, безек қағып келеді. Әлде ме боп қалды! Жын-перінің салқыны тимесе игі еді. Әй, алжыған қу қақпасай, мал-мал деп-ақ, ажалыңнан үш күн бұрын өлесің-ау! көрдің бе, қаршадай баланы жеті түнде тентіретіп... Бүйткен ешкісі құрысын. Тумай туа шөккір-ай, салдың-ау әуре-сарсаңға... Құлыным-ай, қайда жүр екен?
— Жо-ла-ман!!!
Айнала жым-жырт. Ешкім дыбыс бермейді. Түлкі ме әлде байғыз ба, әлде нелер үу, үу еткен сондай бір мұңды дауыс шығарып, бүткіл жан-сезіміңді елжіретеді.
Күннің алғашқы қызғылт сәулесі биік дуалдардың өркешіне жармаса бастады. Біртін-біртін аласа дуалдардың төбесі де қызарып келеді. Бозторғайлар шырылдап, таңның бозғылтым шымылдығын қанатымен түргендей.
— Жоламан!
Ескі қой қораның ішінен ммә деген дыбыс естілді. Забира елең ете қалды. Таңғы шыққа малынған көйлегінің етегі балтырына оралып, алп-салп етіп әрең жүріп келеді. Ол алдымен қасқа ешкіні көрді. Оның жанында сирақтары дірілдеп, үш лақ тұрды — бірі қара, бірі қоңыр, бірі ала. Ешкіге таман жақындай берген ана, сабан үстінде ұйықтап жатқан өз баласын көзі шалды. Қасқа ешкі еміреніп, лақтарының үстін жалайды. Ана да ұлының шашын сипап:
— Құлыным, жүр үйге!— деді.
Үш лақты көтеріп ана мен бала ауылға қарай тартты. Қасқа ешкі маңырап, безек қағып келеді.
Намазбай есік алдында күйбеңдеп жүр екен. Қолындағы күрегін қабырғаға сүйей салып, елден бұрын қасқа ешкіге қарай ұмтылды.
Жануар, былтыр бақандай бес лақ тапқан еді, биыл екеуін кем туыпты-ау, әттеген-ай!..
Олар ертеңгілік шайға отырды. Накең қалтасынан бет-орамалын алып, көкнәрі езуге кірісті. Аз-маз езді де, көкнәрінің қоймалжың, қоңырқай түсті сығындысын кішкентай көкала пиялайға құйып, сіміріп салды. Бірер минуттан соң Намазбайдың көзі тарс жұмылып, басы қалтаңдап, ырғалып-жырғала бастады. Басым ауырды,— деп қыңқыл-қыңқылы күшейген Жоламанға көкнәріпаз шал ала көзімен ажырая қарап:
— Тәйт, бәтшағар, кәйпімді бұзба!— деді зекіп.
Өз баласына Намазбай әсте бір әкелік жылы сезім білдірген емес-ті. Көк есектің, асты тазаланбаса да, желінқабы ағытылған ешкіні ашқарақ лақтар еміп қойса да, болмашы бір арзымайтын нәрсе үшін сорлы бала үнемі әкесінен таяқ жейтін.
Қолында ыдысы бар, көрші үйдің келіншегі есіктен сығалады.
— Кел, отыр, шай іш!— деді Забира апай ілтипатпен.
Келіншек аузын сылп еткізіп, босаға жаққа отыра кетті.
— Шешей, бір кесе асқатық берсеңіз. Көже асып едім„.
— Немене, сиырларың суалып кеткен бе, түге?— деп, мүлгіп отырған Накең әйелдер шаруашылығына араласты.
Сатып жіберіп едік,—деді келіншек сызылып.
Шал басын ерсілі-қарсылы изеңдетіп, қайта мүлгіді.
Забира ым қағып, келіншекті ауыз үйге алып шықты. Келіншектің шаруасын бітіріп, жылдам оралды. Бос кесеге шай құйып, күйеуіне ұсынды.
Күйеуінің кейпі бұзылды. Бәйбішесіне сүзіле қарады:
— Қайтесің дәндетіп, өңшең тілемсек немелерді? Айраның тасып бара жатса, күбіге құй да піс! Құрт-майын сат базарға, шай-қантқа напаха болсын.
— Е, қойшы, не боса соны сандырақтамай. Шай-қант керек болса, ішіп отырған көкнәріңді тый. Не көрінді соншама тарынып? Сиырымыз жоқта біз де алушы едік қой асқатық осы ауыл-аймақтан. Пейлің құрысын, пейлің құрығыр қу қақпас!..
Тарт тіліңді, нағлет! Не көкіп тұрсың өзің?— деп айта жаздап барып бәңгі шал райынан қайтты. Әйелінің айбатынан қаймықты ма, әлде көкнәрінің қызығына елітті ме, әйтеуір, Накең еріндерін жыбыр-жыбыр еткізіп, әңгімесін мәймөңкелете жөнелді.
— Замананың сиқы мынау! Әлдене болмақ?! Сақтықта қорлық жоқ деген, бәйбіше...
— О, сорлы. Осы сен-ақ ақыр заман орнатасың да отырасың. Көппен көрген ұлы той емес пе, байқұс-ау?!
— Ақсақалдардың айтуына қарағанда, биыл қыс ерте түсетін көрінеді. Және қаһарлы да болатын түрі бар. Қыс қамына осы бастан кірісуіміз керек... Сен, бәйбіше, қозапаяны молырақ жина. Балам, сен қырдан жантақ тасы. Бүгіннен бастап, көк есекті арбаға жек те, жұмысқа шұғыл кіріс!..
Забира баж ете қалды:
— Отынды қайтпексің? Сүйегіңді өртемекпісің? Тұр ғой әне, қырық жылдық жантақ пен қозапая іріп-шіріп... Былтыр да қара саулықты ала жаздай бағып-қағып, ақыр аяғы не болды?! Түгін тартса майы шығатын семіз саулық... арам өлді. Көктемде төлдейтін мал, обал болады,—деп бәйек боп, сойдырмап едің, не болды ақыр аяғы? Пай, пай, пай есіл еңбегім-ай!..
Қос танауы делиіп, ашуға булыққан Забираның есіне күйеуінің қай-қайдағы жағымсыз қылықтары түсе бастады. Өткен жұмада дүние салған бір шалдың көнетоз мәсі-кебісіне бола таласып, өлім үстінде дау-дабыра шығарғаны неткен оспадарсыздық десейші! Жуырда болып өткен осы бір өрескел жайтті шалының бетіне салық қып басайын деп еді... қоя қойды. Себебі, қырмандағы қауырт шаруаға асығу керек. Комбайншыларға, арбакеш-жүкшілерге ыстық ас жасап беру керек. Шалмен салғыласуға уақыт қайда?
Шайдан соң оны-мұнысын бөз қапшыққа салып, Қараманды көтеріп Забира апай жолға шықты. Ол артына бұрылды да:
— Менімен бірге қырманға барасың ба?—деп Жоламаннан жөн сұрады. Бала барар ма еді, кім білсін, бірақ Намазбай іле-шала килікті.
— Күн өтеді басынан. Қайтесің желіктіріп бала немені? Ол бүгін жантақ тасиды. Өз жөніңе жүре бер!
...Бірақ сол күні қайғылы жағдай болады деп кім ойлаған?
Көк есекке қонжия мінген Жоламан шаңы бұрқыраған қасқа жолмен ерге қарай беттеді. Жантақсайға жеткен соң, ол есегінен түсті. Қолына бесақа алып, жұмысқа шұғыл кірісті. Шөмеле-шөмеле үйінді жантақ қос дөңгелекті, кішкентай арбасымаққа лезде тиелді. Сөйтіп, Жоламан, көк есек, құйтақандай арба, арба үстіндегі бір мая жантақ ауыл қайдасың деп, қырдың әппақ шаңын бұрқыратып тайып отырды..
Бәленің бәрі соңғы рейстен шықты. Екі шөмеле жантақ артылып қалды. Сол үшін әуре боп, тағы қайта келіп жүрем бе деп ойлаған Жоламан екі шөмелені де арбаға нығарлай басты. Үйіндінің белінен бір байлауға жіңішке көнетоз арқан әрең жетті.
Арба ылдидан төмен қарай жөңкіліп келеді. Жантақ басында шоқиып отырған бала табан тірер жер болмағандықтан, көк есектің басын еркін меңгере алмады. Ауыздығын қарш-қарш шайнаған көк есектің езуі көпіріп, тістері ақсиып, ағашы шіріген ескі көпірге таяп қалды. Ағылып келе жатқан арба көпірдің үстінен өте бергенде шоқырақ-шоқырақ етіп, аударылып кетті. Алдымен арқан күрт үзілді. Сосын Жоламан ұшып түсті. Оның үстіне жантақ құлады. Арбадан ағытылып кеткен көк есек шілия-божысын сүйретіп, не боп қалды дегендей ұзын құлағын қайта-қайта қайшылап, жан-жағына дегбірсіз қаранады.
Жүгеріпая орып жүрген Намазбай келді. Ол алдымен сілейіп тұрған көк есегіне бұрылды. Күйбең қағып, әлденелерді ағытып, әлдекімдерді сабап жатыр.
— Әй, баламысың деген-ау, жайырақ айдаса нетеді арбаны! Пай, пай жап-жаңа мойынтұрық еді, көрдің бе, ортасынан қақ бөлініпті. Тағы да Жақып ұстаға күнім түсетін болды-ау, құрып кеткір. Бір мойынтұрық дегеніңіз — бір келі көкнәрінің құны... Бұл ит қалай сынған? Түсінсем бұйырмасын... Жоламан, ей, Жоламан!..
Бұл қалай? Үн жоқ. Тек ағаш басындағы құзғын қарғалар қарқ-қарқ етіп дыбыс берді.
— О, даусың өшкір!— деді де Намазбай қарт аударылған жантақ үйіндісіне қарай таянды.
— А-па!— деген әлсіз дауыс естілді жантақ астынан.
Шалдың жүрегі су ете қалды. Ол ұп-ұзын күсті саусақтарымен жантақты олай да бір, бұлай да бір қопара бастады. Жалпақ, әжімді алақанына қадалған тікенектерге де мән берген жоқ. Жантақты құшақтап алып, лақтыра берді, лақтыра берді. Апа деген әлсіз, аянышты дауыс тіпті, ұзап барады. Жерге кіріп бара жатқандай, құлаққа еміс-еміс естіледі. Бір кезде барып, Намазбайдың саусағы айырдың ағаш сабына тиді. Оның сояудай бес тармақ ұшы Жоламанның оң жақ бүйіріне терең қадалған. Суы жоқ арықтың ақшыл табанында жып-жылы қан сызаттанып жылжып ағып барады. Көзі ақырайып шығып кеткен үрейлі һәм есінен танған шал ойбай салып, ербең етіп құлай кетті. Баланың мұздап бара жатқан көгілдір еріндері Апа деген әзиз сөзді енді қайтып айта алмады.
Батып бара жатқан қызғылт күн өз нұрын Жоламан баланың жүзіне ақырғы рет төкті де, со замат ғайып болды.
...Ә дегенде Намазбай қарт қатты қайғырды. Қамбадағы қап-қап астық, там төбесіндегі мая-мая жоңышқа, пішен, тарыпая, жантақ, тіпті, езінін, көк есегі де, бәр-бәрісі де томпиған бейне бір мола тәрізді боп көрінді оның көзіне. Ұлының өлімі ұзаған сайын, бертін келе, сол салқын қоқсық дүниелер біртін-біртін жанына да, көзіне де қайта ыстық көріне бастады. Мал табу жолында бар күшін сарып етіп, қалжыраған шал таусылмас тіршілік күйбеңіне қайта ауысты. Ақшаға деген құмарлығы, дүниеге деген қомағайлығы қайта қозды. Күнделікті қауыртта дүрбелең, күйкі өз болмысының жақсы болу жақтарын мүлтіксіз көздеді ол.
Күндердің күнінде Накең төсек тартып, біржола жатып алды. Денесі қызып, ыңқыл-сыңқылы күннен күнге молыға түсті. Екі беті солып, көздері шүңірейіп, құр сүлдесі ғана қалды. Дүниеқұмар қарт, неге екені белгісіз, дәрігер де, балгер де шақыртпады.
Дүйсенбі күні Намазбай түнімен сандырақтап шықты. Таң ата есіп жиып, су ішті. Бәйбішесіне сүзіле қарап, шаруашылық, мәселесіне көшті.
Егер, осы аурудан опат боп кетсем, құр бекер мал сойып, дүние-мүлік шашып, ас беріп, бостан бос шығындар болмаңдар, күйзеліп қаласыңдар. Ой-бой, жаным... Су!.. Отын-суларың мол ма?.. Тарыны бастырдыңдар ма? Қанша қап түсті?.. Әлгі Жаманбайдағы әкемнің қарыз ақшасын алыңдар! Қанша мәнат еді, құдай-ау?.. Көкнәрі мен насыбай темекіні көктем шыға сатыңдар, ақшасы мол болады... Ұмытып барады екем, әлгі Сейсембайдың баласына көк есектің тартпасы мен құйысқанын беріп ем, әкеп береді дейсіңдер ме, өздерің барып алмасаңдар?..
Ең алғаш Забира осының өзі не сандырақтап отыр деп күдіктенген-ді. Шалының шындап айтып отырғанын соңынан барып аңғарды ол.
Бірер ұрттам су ішкен соң, Намазбай әңгімесін қайта жалғастырды.
— Уһ!.. Міне, фани жалған өтер-кетер деген осы!.. Ұмытып барады екем, әлгі қасқа ешкіні соғымға сойып, ақымақ боп жүрмеңдер. Жануардың биыл бес лақ табатын жылы!.. Үһ!.. Кемпір-ау, неғып отырсың аңырайып?.. Малдың астын тазаласайшы... Көк есекті суаруды ұмытып жүрме, жазған-ау!..
Дәл сол күні ымырт жабыла Намазбай шал жан тапсырды. Бүткіл тапқан-таянғаны, тірнектеп жиған мал-мүлкі, түйіншек-түйіншек ақшасы артта қалды. Бос күйбеңмен жүріп, өмір қызығынан құр қалған қайран қарт жалғыз жыртық жейдесімен о дүниеге — мәңгілік тыныштыққа сапар шекті. Тіршіліктің сүреңсіз һәм мағнасыз харакетінен біржола құтылып, тыным тапты.
Кішкентай бір ауылдан бір адам кетіп, сол ауылға бір жесір пайда болды.
Еш нәрсемен ісі жоқ сәби Қараман былдыр-былдыр етіп, торсиған саусақтарымен бесікке тағылған моншақтарды уыстап, мәз-мәйрам боп ойнап жатыр. Оның биязы да бейкүнә күлкісінен болашақ еркін өмірдің, сәулетті өмірдің лебі естіп тұрғандай. Оның толассыз уілінде көпшілдіктің, жомарттықтың, адалдықтың сарыны бар. Оның жаутаңдаған мөлдір көзі шынайы адамгершілікті, үлкен азамат бейнесін аңғартқандай еді.
FacebookTwitterGoogle+OdnoklassnikiMail.RuVKWhatsApp