Кәсіби ағылшын тілі сабағында рөлдік ойындарды қолданудың маңыздылығы

Скачать


Кәсіби ағылшын тілі сабағында рөлдік ойындарды қолданудың маңыздылығы

Ағылшын тілін меңгеру - заман талабы, ал оны үйретудің тиімді жолдары мен әдістерін қолдану оқытушыға артылған міндет. Кәсіби ағылшын тілін үйретудің маңызды да тиімді әдістерінің бірі- рөлдік ойындарды қолдану болып табылады. Рөлдік ойын - бұл өмірлік жағдайлардың белгілі бір мінез-құлық немесе эмоционалдық жақтарын меңгеру ниетінде алдын-ала бөлінген рөлдер арқылы қатысушы топтардың сахналап ойнауы. Бүгінгі күннің талабы, шетел тілі оқытушысының алдына қойған мақсаты – білімгерлерді шетел тілінде сөйлету болғандықтан, оқытушының алдында тұрған басты міндеттің бірі - шетел тілін үйретудің түрлі әдістерін зерттей келе, ең тиімдісін өз сабағында қолдану. Осы әдістердің ішінде коммуникативтілік әдістің қолданылуы маңызды деп саналады, себебі бұл әдістің мақсаты - сөйлесу, сөйлету. Сөйлеу бір-бірімен қарым-қатынас жасау арқылы іске асырылуы қажет. Сабақ барысында рөлдік ойындарды қолдану – бұл оқушыларды шетел тілінде сөйлеуге психологиялық жағынан дайындап, өткізілген тіл материалын бірнеше рет қайталауға мүмкіндік берумен қатар, оларды керекті сөз бірліктерін таңдауға жаттықтырады. Ойын – эмоциялық және ақыл-ой күшін талап ететін ерекше ұйымдастырылған сабақ. Бір ойынның өзі әртүрлі орындалуы,әртүрлі нысанды қабылдауы мүмкін,бірақ олардың бәрінің негізінде импровизация тұрады. Рөлдік ойындар шағын топтарда жүргізіледі. Ойынға қатысушылардың міндеті: тақырыпқа байланысты тапсырманы алу, рөлдерді бөлу, жағдайды ойнау және басқа топқа ұсыну. Сонымен қатар, оқу үрдісіндегі ойынның тиімділігі мынадай бірқатар талаптарға сай болуы қажет, яғни олар: оқушылар әрекет ететін қиялдағы жағдайдың, жоспардың болуы және білімгерлердің ойын нәтижесін, ойын ережесін міндеттті түрде түсінуі. Ойын бұл тек ұжымдық көңіл көтеру емес, бұл оқытудың барлық міндеттеріне қол жеткізудің негізгі тәсілі, сондықтан ол қандай дағды және икемділікті талап ететіндігін, білімгердің нені жасай біледі және ойын барысында нені үйренгендігін білу қажет. Ойын - білімгерлердің ойлау қабілетін күшейту қажеттілігін алдына қоюы керек.[1.37-40]
Рөлдік ойын басқа тілде қарым-қатынас жасау, сөйлесу саласын кеңейтуге, білім алушылар пікір айтуда мазмұнды жағына назар аударуға мүмкіндік беретін тиісті дағдыларды дамыту және машықтандыру жаттығуларындағы тіл материалдарын алдын-ала меңгеруді болжайды. Мысалы, заң факультетінде, ағылшын тілі сабағында жиі қолданылатын рөлдік ойындардың түрлері:
-адвокат пен клиент (тапсырушы) арасындағы сұхбат;
-мекемедегі заңгерлер кеңесі;
-сот процессі;
Аталған ойындар көмегімен білімгерлер болашақ заңгерлер ретінде, сот процессінде, заңгерлер кеңесінде және т.б. шынайы жағдайларда әрекет ету жолдарын меңгеріп, заң терминдерінің ағылшын тіліндегі эквивалентін қолдану арқылы машықтанады.
Кәсіби ағылшын тілі сабағында қарым-қатынастың нақты жағдайын модельдеу үшін рөлдік ойындарды пайдаланудың өзіне тиісті талаптары бар. Олар:
-ойын оқу мотивациясына ынталандыруы,оқушылардың тапсырманы жақсы орындауға қызығушылығы мен ұмтылысын тудыруы тиіс, оны қарым-қатынастың нақты жағдайына тең жағдай негізінде жүргізу қажет.
-рөлдік ойынды мазмұны тұрғысынан да, нысаны жағынан да жақсы дайындау,дәл ұйымдастыру қажет. Білім алушылардың белгілі бір рөлді жақсы орындау қажеттілігіне көздері жетуі қажет. Тек сонда ғана олардың сөздері табиғи және шынайы болады.[2.56-58]
Профессор А.Н.Леонтьевтің пікірі осы мәселеде өте орынды. Ойын – адам ісі әрекетінің бір түрі. Ойын әрдайым өзгерісте болады. Кез келген адам ойын барысында өзінің күшін сынап көреді, ол кезде адамда өзін - өзі тану процесі жүреді.Рөлдік ойынды дайындау, жүргізу және талқылауды басқарудағы және оқу-байланыс орнату жағдайларын құрудағы негізгі қызметті оқытушы да, оқушы да жүзеге асыра алады. Қарым-қатынасты үлгі ете отырып, оқу-сөйлеу жағдайлары рөлдік ойын құрамындағы маңызды компонент ретінде білімгерлерді ұсынылған жағдайларға қояды .
Сабақ барысында рөлдік ойындарды қолданудағы мұғалімнің рөлі мақызды. Оқушылардың көзқарасы бойынша рөлдік ойын – бұл ойын әрекеті, ол процессте олар белгіленген рөлдерден көрінеді. Кәсіби ағылшын тілін үйрету барысында мұғалім бірнеше рөл атқара алады: бақылаушы,қатысушы,бағалаушы және т.б. Яғни, оқытушы білімгелермен бірге ойынға қатысып, белгілі бір рөлді сомдауы мүмкін немесесырттай бақылап, атқарылып жатқан жұмысқа баға беруі мүмкін.
Рөлдік ойын адамды әлдейқайда икемді етеді, яғни тілдік мінез-құлыққа шеберлікке қол жеткізе отырып, ол алынған дағдылар мен икемділіктерді жаңа жағдайларда оңай қолдана алады. Мұғалімнің міндеті- нақты материалдағы қажет ситуациялар иллюстрацияларды, ситуациялық мәселелерді таңдау, дидактикалық материалды дайындау.Кәсіби ағылшын тілін үйретуде рөлдік ойындарды қолдану өте тиімді, өйткені білімгерлердің шетел тілінде сөйлеу дағдысы қалыптасады, тілді мәдениетаралық қарым-қатынас жасаудың басты құралы ретінде қолдану мүмкіндігіне қол жеткізеді, қолданыста жиі болатын тілдік бірліктерді, лексиканы жаттайды, үйреніп жатқан тілдің грамматикасын танып және сауатты қолдана білуге үйрету,диалогты, пікірталасты,іскерлік әңгімелерді жүргізе алу қабілетін дамиды, қолда бар білімді, тәжірибені, әртүрлі жағдайдағы қарым-қатынас дағдыларын пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Рөлдік ойындар оқытудың әртүрлі сатысында шетел тілін зерттеуге ғана көмектеспейді, сонымен бірге оқушының жоғары психикалық даму сатысына көшуінде рөл атқарады.[3.53]
Жоғарыда айтылғандар келесі қорытындыларды жасауға мүмкіндік береді:
- ойын әрбір сабаққа белгілі бір түрде ендірілуі тиіс
- сабақтарда ойынды пайдалану –оқу процесі тиімділігінің, қарым-қатынас жағдайын құрудың міндетті құралы
- оқыту процесінде ойынды әзірлеу және ендіру кәсіби ағылшын тілін оқытудың әртүрлі сатыларында ауызша сөйлеуге үйретудің негізгі міндеттерін әлдеқайда үлкен жетістікпен шешуге ықпал етеді.
Рөлдік ойын процесінде қисынды ойлау,қойылған сұрақтарға жауап іздеу қабілеттілігі, сөйлеу, сөз этикасы,бір-бірімен қарым-қатынас жасай білу қабілеті дамиды.Сондықтан шетел тілі сабығында рөлдік ойынды пайдалану оқу процесінің тиімділігін көтереді. Білімгерлердің тілге деген қызығушылығын оқытудың барлық сатыларында сақтауға көмектеседі. Рөлдік ойындарда міндетті түрде білімгерлердің өзара әлеуметтік рөлдік қатынастары қалыптасады. Рөлдік ойын сөйлеу мәдениетін дамытуға да өз септігін тигізеді. Ол болашақ заңгердің өзін-өзі ұстай білу қабілетін, мамандыққа қатысты терминдерді қолдана білу деңгейлерін дамытады. Сөйтіп, рөлдік ойын дұрыс сауатты сөйлеу, тыңдап түсіну деңгейлерін жоғарылататын, қатысымдыққа жетелейтін құралдың бірі болып табылады.

Әдебиеттер тізімі:
1. Макапова Г.К. Роль ролевых игр в обучении иностранному языку Қазақстан мектептеріндегі шет тілі 62006.- 37-40 б.
2. Мартыненко Л. С. Ролевые и деловые игры на уроках английского языка. –М., 1997 .- 56-58 б.
3. Ливингстоун К. – Ролевая игра в обучении иностранным языкам. -М: Высшая школа, 1988.-53 б.


Скачать


zharar.kz