БАЙ МЕН ЖАРЛЫ БАЛАСЫ

Скачать



ӨРМЕКШI, ҚҰМЫРСҚА, ҚАРЛЫҒАШ
Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:
– Анау өрмекшiнi көремiсiң, не iстеп жүр?
– Көремiн, өрмек тоқып жүр.
– Анау құмырсқаны көремiсiң?
– Көремiн, аузында бiр нанның уалшығы бар, жүгiрiп кетiп барады.
– Жоғары қара, аспанда не көрiнедi?
– Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тiстеген шөбi бар.
Сонда атасы айтты:
– Олай болса, шырағым, ол кiшкентай жәндiктер саған үлгi. Өрмекшi маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзiне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бiр нанның уалшығын тапқан соң өзi жемей, аузына тiстеп, қуанғаннан үйiне жүгiрiп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя iстеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бiр жан жоқ. Сенi де құ-дайтағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс iстеуге әдеттену керек, – дедi.

АТЫМТАЙ ЖОМАРТ
Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл үстiне ескi-құсқы киiм киiп, отын кесiп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:
– Жомарт, құдай бергей дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.
Жомарт айтты дейдi:
– Төрт түрлi себеп бар. Әуелгiсi: әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын. Екiншiсi: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн. Үшiншiсi: күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен. Төртiншiсi: құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын, – дедi.

БАЙ МЕН ЖАРЛЫ БАЛАСЫ

Асан деген бай баласы, Үсен жарлы баласы – екеуi құрдас екен. Бiр күнi ел көшкенде қыр астында ойнап жүрiп, ескерiлмей, екеуi жұртта қалыпты. Бiр мезгiлде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастады, Үсен ойланып тұрды да айтты:
– Жылағанмен еш нәрсе өнбес. Көшкен ауылды iздеп табалық.
Жұртта бiр көзi сынған ине жатыр екен, оны алды және бiр пышақтың сынығын, бiр-екi уыстай қыл та-уып, оны да алды. Сонан соң ауылдың жұртын айнала жүгiрiп жүрiп, көштiң кеткен сүрлеуiн тауып, сол сүр-леуге түсiп жүре бердi.
Бiраз жер өткен соң сүрлеу екi айрылды. Мұны көрiп Асан жылай бастады:
– Ендi қайсысына түсемiз, – деп, Үсен қарап жүрiп, бiреуiне түстi:
– Мынау сүрлеу, бүгiн жүрген көштiң сүрлеуi екен – малдың жас тезегi бар, – дедi.
Бiраз жер жүрген соң Асан қарным ашты деп жылады. Үсен үндемей келе жатса, екеуiнiң алдынан бiр үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен iсi болмай жүре бердi. Үсен жүгiрiп барып сипалап жүрiп, үйректiң орнынан алты жұмыртқа тапты. Асан қуанып жұмыртқаны алайын деп едi, Үсен алдырмай:
– Жолдан адасып көп күн жүрсек, бiзге тамақ, керек болар, үйректi де ұстап алайық, – дедi.
Асан айтты:
– Қалай ұстаймыз? Үсен:
– Мен әкемнiң ұстағандарын көрiп едiм, – деп, манағы жұрттан тауып алған қылдан есiп тұзақ iстедi де, оны апарып үйректiң ұясына құрды. Мұнан соң Асанды шақырып алып, екеуi бiр таса жерге, қалың шөптiң арасына барып жатты. Көп ұзамай-ақ үйрек қайта ұшып, жан-жағында адам көрiнбеген соң, ұясына келiп қонды. Бiтегенеден соң Үсен түрегелiп, жүгiрiп ұяға барып едi, үйрек ұша алмай далбырлады да қалды; қараса, үйрек мойнынан тұзаққа iлiнiп қалған екен.
Үйректi Асан:
– Тiрi алып, ойнап баралық, – дедi. Үсен айтты:
– Жоқ, әкем: үйрек, қаз адал құстар, мұқтаждықта құдайтағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырады, бiрақ тiрiлей байлап-матап әуре ету обал деп айтушы едi, әуре етпей бауыздап алалық, – деп, манағы жұрттан тауып алған пышақтың сынығымен бауыздап алды.
– Мұнан соң келе-келе жатып, түс ауған уақытта, екеуi бiр өзен-судың бойына жеттi. Су iшiп сусындарын қандырған соң Үсен айтты:
– Ендi бiр тамақ пiсiрiп желiк. Асан:
– От жоқ, неғылып пiсiрiп желiк? – дедi.
Үсен үндемей су жағалап жүгiрiп кетiп, бiр шақпақ тас тауып әкелдi және шапанының бiр кiшкентай жыртылған жерiнен аз ғана мақта суырып алып, оны тастың үстiне қойып, бәрiн бармағына ғана қатты қысып тұрып, манағы пышақтың сыртымен тасқа қатты ұрып едi, от шығып, мақта тұтанды; сонан соң айналасына аз ғана тезек үгiп салып, Үсен өзi отты үрiп тұтандырып жатып, Асанды қу тал жинап алып кел деп жiбердi. Тал келтiрiлген соң от жағып, әуелi жұмыртқаны отқа салып пiсiрдi; онан соң үйректiң жүнiн жұлып, бұтарлап, бiр талдан iстiк iстеп, үйректi отқа қақтады. Пiскен соң екеуi де жесiп, тойып алысты.
Тамағы тойған соң көңiлiнен уайымы шығып, Асан су жағалап жүгiрiп кеттi, бiр мезгiлде дауыстады:
– Үсен, Үсен! Мынау тайыз жерде балықтарды қарашы! – деп.
Үсен оған қарамай баяғы жүрттан тапқан иненi отқа салды. Ине бiраздан соң оттың күшiмен ерiп, қызарды,
сол уақытта пышақпен иненi алып, ептеп идi, қармақ iстедi.
Сонан соң Асанды шақырып:
– Сен шегiртке тере бер, – дедi де, өзi манағы қылдан есiп қармаққа бау iстеп байлап, талдан кесiп оған сап iстедi. Сөйтiп, қармағы әбзелiмен даяр болған соң, Үсен суға барып, Асанның жиған шегiрткесiн жемге шаншып, қармағын суға салды. Су әдемi, айнадай таза су екен, iшiндегi ойнаған балықтары көрiнiп жүре-тұғын. Әуелi шабақтар келдi, бiреуi бiр, екеуi екi жемдi иiскеп, тиiп-қашып, жұлқып өтiп жүрдi. Сөйтiп тұрғанда шабақтар дүркiрей келiп қашты. Қараса, бiр шортан келген екен. Ол шортан жемге де қарамай, тәкаппарланып жайымен бұлғаңдап өтiп жүре бердi. Шортан өткен соң манағы бытырап кеткен шабақтар тағы жалма-жан жиылып келiсiп, жемнiң айналасында ойнап, бiрiн-бiрi қуып, жемге де тиiп-қашып, соғып өтiп жүрдi. Сөйтiп тұрғанда, шабақтар және дүркiрей қашып, жоқ боп кеттi. Қараса, бiр бөлек алабұғалар келген екен, жемдi ең бұрын көрген бiреуi тоқталмастан келiп асап келiп қалғанда, Үсен қармақты тартып алып, оны шығарып тастады. Сол қалыпша Үсен бiрталай алабұға алды.
Балықтың алынған қызығына айналып тұрып, балалар күннiң кешке таянып қалғанын аңғармаған да екен. Бiр мезгiлде Үсен күнге қарап:
– Ањ, күн кеш боп қалыпты ғой, жарықта өткел тауып алайық, – деп, қармақпен алған балықтарын бiреуiнiң шапанына орап алып, манағы шақпақ тасын және сабы-бауымен қармағын да қалдырмай алып, ендi өткел iздестi. Бұл турада Үсен кiдiрместен, манағы өздерiнiң түсiп келген сүрлеудiң өткен жерiн тауып алып, сол жерден өте шықты.
Бiраз жүрген соң-ақ күн кеш болды және бiраздан соң ымырт жабылып, жол көрiнбедi. Түн болған соң, балалар екеуi де қорқайын дедi. Сөйтсе де Үсен сыр бiлдiрмей ендi жүрсек адасармыз деп тоқтады, тезек терiп от жақты. Бiраз отырған соң Асан күндiз көп жүрiп шаршаған бала, ұйықтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы едi: елдi жердiң ұрысы, далалы жердiң бөрiсi болады деп, ұйықтамай отқа күндiзгi алған балығын пiсiрiп, ермек етiп отыра бердi; есiтуi бар едi: от жағып отырса, қасқыр келмейдi-мiс деп. Қарап отырса, бiр мезгiлде бiр топ киiк келдi. Олар анадайдан одырайып қарап тұрып-тұрып, өз-өзiнен үркiп жөнелдi. Бiраздан соң құлын, тайы бар бiр үйiр құлан келдi; айғыры алдында басын тiкшитiп, құйрығын шаншып, осқырынып, өзгелерi таңданып қарап тұрды-тұрды да, олар да ша-уып жөнелдi. Бiр мезгiлде жақын жерде қасқыр ұлыды; алысырақта өгiз-шағала адамша шыңғырып, бiресе жылаған балаша, бiресе қарқылдап күлген адамша, әр түрлi дауысқа салды. Үсен түйсiнiңкiреп, бойы мұздап, қолына манағы қармақтың таяғын қысыңқырап ұстап және отыра бердi. Сөйтiп, әр жануарларды көрiп және оттың жарығына жиылған құрт-құмырсқа, көбелектердi қарап, бұл көбелек, қоңыздар неге көрiне өлiм iздеп отқа түсе бередi екен деп, әр түрлi ойларға қалып, сүйенiп жатып, таңды атырды. Күншығыста таң әуел алтынмен бояғандай қызарып, жан-жаққа жайыла-жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады: Жүрер уақыт болды, – деп. Асан далада екенiн ұмытып, үйдегi қалыбынша, жуық арада оянбай ыңырсыса да, Үсен қоймай оятып алып, қасына ертiп жолға шығысты.
Күн сәскеге шейiн жүрiп отырып, сәскеде сүрлеу бiр қатаң шоқаттау жерге түсiп көрiнбей кеттi. Балалар ендi қай жаққа жүрерiн бiлмей дағдарып тұрды. Сөйтiп, жан-жағына қарап тұрса, iлгергi алдында бiр биiк қыр үстiнде, үлкен мола көрiндi. Сонда Үсеннiң ойына әкесiнiң сөзi түстi: далада жүрiп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады дейдi екен. Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертiп, молаға қарай жүрдi. Молаға жақындап келгенде, қаңқылдаған қаздың даусы шықты. Үсен ендi бiлдi жақын жерде көл бар екенiн, оның үшiн қаз сусыз жердi мекен етпейдi. Келiп екеуi ендi молалы қырға шықты, қараса, қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдiң айналасы да, iшi де жыңылдаған мал; жағасындағы жiбектей жапырылған көкорай қора-қора қой мен жылқы, жылқының бiр парасы көл iшiне кiрiп, белiнен құраққа кiрiп тұр, ендi бiр жақ жағасындағы сортаңда бiр топ түйе жатыр. Бұларды көрiп, балалар қырдан түсiп, жүгiрiп малға келдi. Келсе өз ауылдарының малы екен. Малшылар Асан, Үсендi көрiп, олар да қуанып, бiреуi әке-шешелерiнен сүйiншi сұраймыз деп шауып кеттi, өзгелерi балаларды атқа мiнгiзiп, ауылға алып жүрдi. Жолда келе жатып малшылар айтты:
– Сендердiң жұртта қалғаныңды бiлiп, кешеден ауылдың жан бiткенi iздеуге кетiп едi, – деп.
Нақ бесiн мезгiлiнде балалар аман-есен үйлерiне келiп, әке-шешелерiне қосылды дейдi.

Жаман жолдас

Екi дос кiсi жолдастасып келе жатып, бiр аюға ұшырапты. Бұл екi кiсiнiң бiреуi әлсiз, ауру екен, екiншiсi мықты, жас жiгiт, аюды көрген соң бұл жiгiт ауру жолдасын тастап, өзi бiр үлкен ағаштың басына шығып кеттi дейдi. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрменi жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кiсi болды да жатты: есiтуi бар едi, аю өлген кiсiге тимейдi деп. Аю бұл жатқан кiсiнiң қасына келiп иiскелеп тұрды да, дыбысы бiлiнбеген соң тастап жөнiне кеттi. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсiп, аурудан сұрапты:
– Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кеттi? Ауру айтты дейдi:
– Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екiншi рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма дедi, – дейдi.

БIР УЫС МАҚТА
– Бiр кiшкентай қыз әкесiнiң шапанын жамап отыр екен, шешесi қасына отырып, ақыл айтты:
– Балам, дүниедегi жаратылған жанды-жансыздардың ешқайсысының да керексiз болып, жерде қалатыны болмайды, – деп. Сол сөздi айтып отырғанда, қыз бала киiмiн жамап болып, жердегi мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
– Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегi бола қалмас, – деп.
Шешесi:
– Балам, сол да жерде қалмайды, – дедi. Осылайша сөйлесiп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтерiп ұшырды, мұны бiр торғай көрiп қуып барып, мақтаны тұмсығына тiстеп қана алып, ұшып кеттi. Қыз әжесiнен:
– Манағы мақтаның қиқымын бiр торғай алып кеттi, оны неғылады? – деп сұрады. Әжесi айтты:
– Көрдiң бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздiң келгенiн. Ол кiшкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етедi, – дедi.
МЕЙIРIМДI БАЛА
Қытай жұртында ескi заң бар, бiреудi алдағандығы мойнына түскен кiсiнiң қолын кесе-тұғын. Бiр төре осындай iспен күнәлi болып, әлгi айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлi төренiң жас қыз баласы әкем үшiн жауап беремiн деп, мәлiм болды. Қызды патшаға алып келiстi.
– Тақсыр, патшам, – дедi қыз, – менiң әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшiн қолынан айрылуы керек болды, мiнекей, тақсыр, әкемнiң қолы, – деп өзiнiң қолын көтердi. – Бұл қол да менiң жазықты болған атамның қолы, бiрақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейдi. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесiп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға.
Патша баланың мұнша атасына мейiрiмдiлiгiне рақымы келiп, төренiң күнәсiн кештi дейдi.

ӘДЕП

Бiр жүрттың бас әкiмi екiншi бiр байға жолығысып сөйлесiп тұрғанда, қасынан бiр жарлы мұжық өтiп бара жатып иiлiп, бас ұрып сәлем бердi дейдi. Оған қарсы әлгi үлкен әкiм төре онан да төменiрек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша жүрттың үстiнен қараған әкiмсiз, осы бiр мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейдi.
Сонда әкiм:
– Ешбiр iлiм-бiлiм үйренбеген мұжық сонша иiлiп, әдептiлiгiн көрсеткенде, мен онан әдепсiз болып қала-йын ба? – дедi дейдi.

АУРУДАН – АЯҒАН КҮШТIРЕК

Сейiт орам үстiнде жүгiрiп бара жатқанда, бiр арбалы келiп, аңдаусыз соғып кетiп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көрiп шошынғаннан шешесi есiнен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейiт жыламақ түгiл, сынған аяғын орнына салып таңып жат-қанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кiсi:
– Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? – деп сұрады.
Сейiт шешесi шығып кеткен соң, демiн алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейдi:
– Ауырмақ түгiл, жаным көзiме көрiнiп тұр, бiрақ менiң жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесiн деп, шыдап жатырмын, – дедi.


Скачать


zharar.kz