Банкiлердi құрудың және олардың қызметiнiң
негiздемесi мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 1-бап өзгертiлдi
1-бап. Банк, оның мәртебесi және тұрған жерi
1. Банк - осы Заңға сәйкес банк қызметiн жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға.
2. Банктiң ресми мәртебесi заңды тұлғаны әділет органдарында (тіркеуші органдарда) (бұдан әрі - әділет органдары) банк ретiнде мемлекеттiк тiркеумен және банк операцияларын жүргiзуге қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкілетті органның (бұдан әрi уәкiлеттi орган) лицензиясы болуымен белгiленедi.
3. Банкiнiң ресми мәртебесi жоқ бiрде-бiр заңды тұлға "банк" деп атала алмайды немесе өзiн банк қызметiмен айналысушы ретiнде сипаттай алмайды.
4. Банк басқармасы тұрған жер (почта бойынша мекен-жайы) банк тұрған жер деп танылады.
11.07.97 ж. № 154-1; 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 2-бап жаңа редакцияда; 06.03.97. № 83-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2006.07.07. № 178-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 2-бап өзгертілдi
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) банк акцияларын жанама иелену (дауыс беру) - банктің, банктің ірі қатысушысының, банк холдингінің немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену арқылы банктің бірлескен ірі қатысушы, банк холдингі болып табылатын тұлғалардың шешімін айқындау мүмкіндігі;
2) банк конгломераты - бас ұйымнан және оның еншілес ұйымдарынан, сондай-ақ бас ұйым және (немесе) оның еншілес ұйымдары капиталына қомақты қатысатын ұйымдардан тұратын және мынадай шарттардың біріне сәйкес келетін заңды тұлғалар тобы:
банк бас ұйым болып табылады немесе еншілес ұйымдардың бірі банк болып табылады;
банк бас ұйым болып табылмайды, бірақ топтың қызметі негізінен банк секторында шоғырланған, яғни банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жиынтық активтерінің, топтың жиынтық активтеріне топтың қатынасы қырық және одан да көп процентті құрайды;
банк бас ұйым болып табылмайды, бірақ топта бір банк және өзге қаржылық ұйым бар.
Ұлттық басқарушы компания немесе ұлттық холдинг бас ұйым болып табылатын заңды тұлғалар тобы банк конгломератына жатпайды.
Егер заңды тұлғалар тобында бас ұйым - Қазақстан Республикасының резиденті емес-банк болатын болса, онда Қазақстан Республикасының резиденті-еншілес банк және оның еншілес ұйымдары, сондай-ақ еншілес банк және оның еншілес ұйымдары капиталына қомақты қатысатын ұйымдар банк конгломераты болып танылады;
3) банк холдингі - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының жиырма бес немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (осындай иеленуші мемлекет немесе ұлттық холдинг не ұлттық басқарушы компания болып табылатын жағдайларды қоспағанда) немесе:
банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге;
шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде банк қабылдайтын шешімдерді айқындауға немесе бақылау жасауға мүмкіндігі бар заңды тұлға;
4) банктің реттеуші меншікті капиталы (бұдан әрі - меншікті капитал) - банктің инвестициялары шегерілген капитал сомасы;
5) банктің ірі қатысушысы - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін (мемлекет немесе ұлттық холдинг не ұлттық басқарушы компания осындай иеленуші болып табылатын жағдайларды , сондай-ақ осы Заңда көзделген қоспағанда) немесе:
банктің дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентімен тікелей немесе жанама дауыс беруге;
шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен банк қабылдайтын шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар жеке және заңды тұлға;
6) бақылау - бір заңды тұлғаның мынадай шарттардың бірі:
бір тұлғаның заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не басқа тұлғаның орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегере отырып) елу процентінен астамына дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленуі не басқа заңды тұлға акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігінің болуы;
бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлға директорлар кеңесінің немесе басқармасының кемінде жартысын сайлау мүмкіндігінің болуы;
бір заңды тұлғаның қаржылық есептілігін аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржылық есебіне қосқан кезде;
бір заңды тұлғаның шарттың (растайтын құжаттардың) күшімен не өзгеше түрде, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда басқа заңды тұлғаның шешімін айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын басқа заңды тұлғаның шешімін айқындау мүмкіндігі;
7) депозит - бір тұлға (депозитор) басқа тұлғаға - банкке, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі - Ұлттық Банк) және Ұлттық почта операторына олар номиналды түрде қайтарылатын шартпен, алғашқы талап етуі бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін толық немесе бөліп-бөліп, алдын ала келісілген үстемесімен не онсыз, депозиторға тікелей не оның тапсыруымен үшінші тұлғаға берілетініне қарамастан, беретін ақша;
8) бас ұйым - басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға;
9) еншілес ұйым - басқа заңды тұлға тарапынан бақылау жасалатын заңды тұлға;
10) заңды тұлғаның ірі қатысушысы - заңды тұлғаның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентін иеленетін (осындай иеленуші мемлекет немесе ұлттық холдинг не ұлттық басқарушы компания болып табылатын жағдайларды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлға;
11) капиталға қомақты қатысу - дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан астам процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе бір не бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан астам процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы.
12) жарғылық капиталға қатысу үлестерін жанама иелену не заңды тұлғалардың акцияларын иелену (акцияларымен дауыс беру) - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерімен) иелену (акцияларымен дауыс беру) арқылы бірлесіп заңды тұлғаның ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін анықтау мүмкіндігі;
13) мінсіз іскерлік бедел - кәсіпқойлықты, адалдықты, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстары немесе орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы жоқ екенін растайтын фактілердің болуы.