Ана тілім аруақ қойған ар тілім,
Тіліменен өркен жаяр қарқыным.
Тілім барда атағы да өшпейді,
Қазақ деген қасиетті халқымның.
(С.Ыбырайымқызы)
Жоспар:
І Тіл- тіршіліктің бастауы
ІІ Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте
1. Көп тіл білсең көкжиегің кең болар
Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар
2. Қазақтың ақылы –көзінде
Қасиеті – сөзінде
ІІІ Менің тілім өлмейді- халқым тілі
Қазағымның сөнбейді алтын күні
Тіл- тіршіліктің бастауы деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Жұбандар сөйлеткен қазақ тілі. Қазақ халқымен, бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне арластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті би- шешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз. Адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүюі тиісті екені анық.
Табысқан соң дүние фәнименен,
Тал бесікте жатқанда сәби денем.
Ана тілі бойыма сіңдің шым-шым,
Даусыменен анамның әлдилеген.
Тіл- қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер- ана тілі.
Бүгінгі күні біздің елімізде тілдердің үш тұғырлығы деген жаңа термин де пайда болды. Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де жетік білуді талап етуде. Жас ұрпақтың білім ордаланыда осыған орай шет тілін меңгеру үшін білім алып жатқаны да қуантады. Әрине, әлемдік даму үрдістерінен кейін қалып қоюға болмайды. Бірақ онсыз да өз елінде еркін өркендей алмаған қазақ тілін кейінгі орынға ысыру қисынсыз деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі-әлемдегі барлық мемлекеттік тіл сияқты өзінің егемендігін алған тіл. Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тілге деген құрмет, халыққа деген құрмет.
Көп тіл білсең көкжиегің кең болар,
Құрметтейді кісі екен деп төрге озар.
Қай елде жүрсең де бұл дұрысы,
Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар.
Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем танитын ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз қажет. Ата-бабаларымыздың тарихы мен шежіресі, түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас, әрі бірегей ұғым. Қоғамның жылжып өзгеруіне байланысты тіл де дамып өзгеріп отырады. Қазақ тілі мәселесін мемелекеттік деңгейге көтерілгеннен кейінгі жылдары бұқара жұртшылықтың да, жастардың да ана тілі үшін көптеген маңызды жұмыстар атқарғаны белгілі. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Дүниедегі барлық халық аңсаған тәуелсіздігін, ата-баба дәстүрін, ана тілін сақтау үшін ұмтылады. Сондықтан кез-келген мемлекеттің өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше құрметтейді, қорғайды.
Ана тілім бойымдағы зор намысым,
Тор құрсаулар жолында болғаны шын.
Бұзып бәрін бүгінге аман жеткен ,
Жырым-жырым жаралы жолбарысым.
Ана тілін дамыту үшін әркім өз ана тілінде таза сөйлеуі тиіс. Себебі, жүйелі тіл жүйелі ойды құрайды. Тіл- қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлім- тәрбиесінің негізі. Тіл - халықтың жаны. Тіл жойылса, халықта жер бетінен жоғалады. Бүгінгі қазақ қоғамындағы тіл мәселесінің басы да өз тілін білмеуден басталады.
Ана тілім талай жанның жүректерін емдедің,
Сен арқылы қасиетім Отан дедім, ел дедім,
О, аналар!
Бесік деген қасиетті мұраны,
Ата-бабам жазып кеткен ана тілде тербегін.
Тілі мен дінінен айырылған жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, туған халқынан, салт- дәстүрінен, ата-анасынан қол үзеді.
Қалды артта қиямет азапты күн,
Қазақстан-Отаным азат ,бүгін.
Қасиетті тілімнен мың айналам,
Сақтап келген қазақтың қазақтығын.
Тіл мәселесін ту еткен қаншама ұлы тұлғаларымыз бар екенін тарих өзі дәлелдеді.
Қараймын оңға, солға да,
Күңірттеу боп тұр келешек.
Біз күткен бақыт сонда да,
Дәл мына бақыт емес ед- деп күңіренермеді. Бүгінгі таңда қазақ баласының өз ана тілінде сөйлеп, оның қадір қасиетін бағалап, саралай білуі, санаға сіңіруі қажет. Ұлттық рухты, түскен еңсені көтеріп, ана тілге деген жанашырлықты іспен дәлелдеу қажет.Тіл- халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші қуатты құрал. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі-ар өлшемі, олай болса, тілді щұбарлау арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау екенін естен шығармайық!
Тіл – таусылмайтын байлық, асыл қазына. Қанша тіл білсең өзгеден сонша биіксің. Дегенмен, адам баласы ең алдымен өз ана тілін меңгеруді мақсат ете білуі міндет.
Орыс ұлтын орыс тілмен таң қылып,
Қазақ тілін білмеу қандай заңдылық.
Жалпақ далаң өсер балаң тұрғанда.
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Адамзаттың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналарының болғаны әрі ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім! Менің терім туған тілім сен үшін ғана төгілсін, сен үшін ғана өрілісін. Тіл мәселесі ұлтым, тілім деген азаматтарға ауыр болған, айтпасаң тағы болмайтын, айтқанмен кейбір адамдардың көкейіне қонбайтын мәселелердің ең маңыздысы.
Өрнектелер тілмен өткен-кеткені,
Жанға батар мәңгүрт өсіп-жеткені.
Жанға батар өзге тілде шүлдірлеп.
Өз балаңның өзегіңнен тепкені.
Тіл тарихы- сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгіні, болашағы. Қазақ тілі өзінің даласындай кең ауқымды қолданылады.
Тіл-қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл-өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат екені анық. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт- дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі- ана тілі. Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде қасиетті қазақ тілім!