Барғандағы істеген емі әлгі

Скачать

— Әлі есімде,— деп бастады Ермек сөзін,— бұрнағы жылы тісіме нан тиіп кеп кетіп еді, отыз тісім зар қақсап жүріп берді. Содан кәне тамақ іше алсамшы. Біреу ыстық, біреу суық іш деп басымды даң-даң қылды. Бәрінің де айтқанын істеп үлгердім. Бірінен болмаса екіншісінің емі қонып қала ма деген оймен айтқанды мүлт жібергенім жоқ. Тіпті тойғанымша чеснок та жедім. Көбірек жеп қойсам керек, ішімді ауыртып бәлені салғаны бар емес пе? Тістің емін іздеймін деп екі ортада ішімді ауыртып, қайдан жедім бауырды, ішім жаман ауырдының керінің келгенін көрдіңіз бе?
Енді емі қонып қала ма деп әлі де әркімдердің айтқанын істеп жүрмін. Кесеге ыстық суды құйып алып, ішіне бір уыс қаратікен тұзды салып, ұрттап та көрдім. Ауырғаны қояр емес, қақсағаны былай тұрсын, енді сыздап та бәлені салды. Көп емшінің бірі, ашутас пен тотияйынды күйдіріп ыстықтай тісіңе бас дегенді айтты.
Мұны да істеп бақтым. Дағдылағаным құрысын, аузын таттанды да кетті. Тісімнің ауруы қоймаған соң тісім қандай жағдайда екен деген оймен айнаға келіп қарай қалдым. Тістің бәрін бір жіпке тізіп қойса өз тісіңізді қайдан ажыратып аласыз. Барлығы да ақ түсті меруерт сияқты болады да қалады ғой. Бірақ нақ осыдан былайғы жерде менің тісімді танып алу онша қиынға түспейтін болған екен. Тістің өзі сап-сары тат, еті көкпеңбек, насыбай ататындардың тісіндей сатал-сатал болыпты да қалыпты.
Бір әлекке түстім де қалдым. Аузымды ысқылап жуып жатырмын. Бәрібір көгергені кетер емес. Қыздар тісінің түрінің жаманы-ай, деп айтады-ау, деп іштей.ренжіп те тұрмын. Осыған мені қандай пәле бастады екен деп өте қоямын. Аузы сасық екен деп айта ма деп жақын жолдастарыма барып лебімді байқатып едім. Әйтеуір одан сау болып шықтым.
Тіс тазарту процесі басталып кеп кетті. Порошокты та, пастаны да жинап қойып, қолыма жаңа жасалған не щеткасын алып, тісімнің етін сойғылап жатырмын. Бағанағы көгерген пәле кетер емес. Осы кезде әлгі құмнан көшіп келген Сырғауыл қарт келіп сексеуілдің күлімен ыса ғой, қазір жоқ болады демесі бар ма. Жалма-жан сексеуілді отқа салып жағып, қозы сөніп, қоламта суыған соң қолымды кесіп кеп жіберіп, бір уыс күлді уыстап алып та шықтым.
Қолымды қоламтаға сұқпай несіне жиіркенейін, қолым тұрмақ күл аузыма да барайын деп тұр. Сонымен шалқайып тұрып, көзімді бақырайтып, аузыма талқанға ұсатып құйып кеп алдым. Аузым тызылдап барады. Заты жаңағы қайнасып қатып қалған ашутас пен тотияйынды тартып алып жатыр ғой деп ойлап тұрмын. Ұртымдағы, көмекейімдегі күлді жинап, тілімді былғалаңдатып та қоямын.
Сумен аузымды шайып едім, аузым ашып жүріп кеп берді. Міне пәле, керек болса. Бұл бір қызық болды. Тілеп алған аурудың емі табылмас деген осы екен. Тілімді жүгіртіп, ұртымды, ернімді, таңдайымды байқасам сексеуілдің күлі аузымды қолдыратып ойыпты да кетіпті. Сөйтіп тамақ ішуден қалдым. Бір күннен кейін өңі жетіліп ұртымның, таңдайымның терісі қабыршықтанып түсе бастады, Қане, бұдан кейін жолашы сексеуілдің күліне ер болсаң.
Ақырында, аяңдап дәрігерге келдім. Жамандық көрмегір бір жақсы жандар екен, тісімді тазалап, аузымды шегендеп тастады. Сақайдым да кеттім.
Екі жылдан бері тіс ауру деген ойыма кіріп шыққан жоқ еді. Жақында бір азуым тағы да зар қақсап ауырды. Тіпті құлақ-шекемді кеміріп жеп алып барады. Тамағымнан без шошып, жақ етім шодырайып ісіп шыға келді. Дәрігерден көмек алып дәндеп қалған басым, жүгіріп өкпемді қолыма алып, емханаға келдім.
Келгенде осы Арық көшесіндегі емханаға жеттім. Кезек күтіп табаны күректей төрт сағат отырмын. Не қызметте жоқ, не емдеуде жоқ, сарғайып, тапжылмай бір орында қалдым да қойдым. Бір кезде кезегім келіп ішке кірдім. Төрт сағат күткенімді қайтейін, қолындағы бізімен төрт түртті де, ертең келіңіз деді дәрігер.
Дүниеде тісім ауырады деп қызметтен сұранбағайсыз. Қандай ұят. Кішкентай тіс үшін жарым күн уақытыңыз босқа кетеді. Барғандағы істеген емі әлгі.
Қызметтен сұранып ертеңінде сүмірейіп тағы келдім. Тағы күттім. Дәрігер тағы кешегіні істеді де ертең келіңізді қайталады.
— Қызметтен қалып жатпай-ақ нақ осы уақытта келе қойсам қайтеді,— деймін мен.
— Ерте келіп, кезек алыңыз,— дейді дәрігер Дәрменов,— әйтпесе қарамаймын.
— Қарындас, телефонмен тізімге тіркеліп қоюға бола ма?—дедім тізімге алушы қыздарға.
— Жоқ болмайды,—деп қысқа қайырды қыздар.
Емхана мен қызмет орнының арасы бірсыпыра жер.
Емханаға келіп тіркеліп, қызметке барып, одан келуге бәрібір сол төрт сағат уақыт кетеді. Амал нешік, қызметтен ертеңіне тағы қалдым.
Креслоға отырғызды да, ұртымды толтыра, жауыр атты ерттегенде арқасына қоятын кепілді мақтадан жасап жіберіп, бұралақтап тығып жатыр. Әйтеуір аузым жұмуға келмей қалды. Сонымен қолына арасын алып, аралады-ау дерсіз тісімді. Дәрігеріміздің жұмысқа алғашқы қосылған күні екен. Нақ осыған менің түс болғанымды көрдіңіз бе. Аралаудың мәнісін жақсы білмейді, кейде сау тістерімді де аралап жіберіп, тызылдатып жанымды жеп барады. Машинаны жүргізе алмай, тоқтатып да қояды. Ара-арасында ернімді, езуімді шымшып алып жанымды көзіме көрсетеді. Айтуға ауыз келмейді. Ерін-ерінге тимесе ғой ауыздан сөз шықпайды. Ал ауызды жұмып қойсаңыз ем қонбайды. Шыдамым кетіп өліп барамын. Әсіресе, айдаладағы ернімді шүрейлегені жаман болды.
Сонымен Дәрменов бетпе-бет отырып алып, әлі шұқылап жатыр. Жақындап сығалап-сығалап қояды.
Бір кезде долбарлап бірдемені аузыма қойып берді де, ертең келіңізді айтты. Қуанғанымнан екі езуім құлағыма жетті.
Ертеңіне бетімнен басып зорға келдім. Жүрегім шайлығып қалыпты. Дәрігер жан-жағындағылардан тіске қандай дәріні жұмсауды да сұрап қояды. Сөйтіп он күнге дейін шыдайды деп шегендеген болды. Ол екі күннен кейін-ақ түсіп қалды. Бүгін дәрігерге қайта баруға тура келіп отыр. Тағы қанша күн жұмыстан қалатынымды кім біліпті. Барамын деп ойласам жүрегім зырқ-зырқ етеді. Барғым келмей айнып отырмын, дегенмен барамын ғой...
Сонымен тағы келдім-ау. Менің де тым сыпайыгершілік істеймін деп жүріп, жүйкем жұқарып қалса керек, дәрігердің он күндік шегенінің он сағатта түсіп қалғанын да айтып салдым. Дәрігер төмен қарап, қатесін мойындағандай болды.
'— Енді мықтап емдеймін,— тісіңіздің өзі де...
Бұл аяғы айтылмаған сөз қабырғама қатты батты. Маңдайымнан, мұрнымнан тер бүрк етті. Аузымда күлдің, көмірдің, ашутастың, тотияйынның ізі тұрып, соны біліп қалды ма деп қысылып отырмын. Әйтеуір ақыры тісімді шегендеді-ау. Мықтап тастаған сияқты. Осыдан кейін-ақ ернімді, езуімді шымшып алған шымшуырды да тез-ақ ұмытып кеттім. Бірақ бұл дүниеде тісіңіз ауыра көрмесін, мұны ұмыта қояр ма екенмін. Ауырса өздігіңізден емделмеңіз, тілеп алған аурудың емі болмас деген осы екен деп, жүрген жерімде айта жүретін болдым.
1955


Скачать


zharar.kz