Бір күні қорада тұрған жануарлар қандай тағам дәмді дегенге таласып қалыпты. Әрқайсысы өздері жақсы көретін тағамдарын дәріптесіпті. Байлаудағы ала сиыр өкірештей жөнеліпті:
— Шіркін, пішен мен таза жемге не жетсін! Солардан дәмді бұл дүниеде бірде-бір тамақ болуы мүмкін емес!
Бұған келіспейтінін танытқан қой мекірене маңырайды:
— Иә, жем мен пішен жақсы-ақ. Бірақ желпілдеген көк майса болса, одан да жақсы ғой!
Бұларға жылқы өз дауын айтады:
— Арпа мен сұлы дәмді емес пе? Күтір-күтір шайнасаң, оның балдай дәмі таңдайыңнан кетпейді. – Жоқ, сендер таба алмадыңдар. Сүт пен еттен дәмді ештеңе жоқ. Босқа таласпаңдар, – дейді мысық.
Мұны естігенде иттің ызасы қозып, орнынан атып тұрады.
— Сен босқа көкіме, – дейді мысыққа жекіріп. – Ненің дәмді екенін мен айтайын: сүйек дегенді естіп пе едіңдер? Кемігі көп сүйектен дәмді ештеңе жоқ!..
Сонда әңгімеге түйе қосылды:
— Сендер босқа дауласып тұрсыңдар. Даланы менен көп шарлайтын ешқайсың жоқсың. Шөл далада бір түп темір тікен ұшыраса кетсе бар ғой, соны күтірлете шайнасаң, содан дәмді ештеңе жоқ!
Бірақ олар бір-бірінің айтқанына иланбай, әлі күнге дейін қалаған шөбін дәріптеп келе жатқан көрінеді.